Бокстан олимпиада чемпионы, қазақстандық Данияр Елеусінов (13-0, 8 КО) өз отандасы — орта салмақта WBO және IBF чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен (17-0, 12 КО) байланысты допинг жанжалына пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Елеусінов отандасын қысқа әрі нұсқа қолдап, әлеуметтік желілерде жазба қалдырды:
"Джони - чемпион. Тек біреулерге кедергі болды", - деп жазды қазақстандық боксшы.
Еске салайық, желтоқсанның басында Жәнібек Әлімханұлының допинг сынамасының А үлгісі оң нәтиже көрсеткені туралы ақпарат пайда болды. Осыған байланысты оның WBA чемпионы Эрисланди Лараға қарсы титиул біріктіретін жекпе-жегі кейінге қалдырылды. Қазақстандық боксшы командасының бастамасымен 9 қаңтар күні В сынамасы ашылды.
Ресми тергеу аяқталғанға дейін Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жектерден уақытша шеттетілді. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында В сынамасы тыйым салынған заттың бар екенін растағаны туралы хабарланған, алайда, іс бойынша ресми шешім әлі күнге дейін қабылданған жоқ.
Жарнама