Екінші орта салмақта абсолют чемпион Сауль Канело Альварес (62-2-2, 39 KO) пен Riyadh Season компаниясы арасындағы келісімшарттың мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Мексикалық жұлдыз Турки әл аш-Шейхпен жасаған келісімі бойынша төрт жекпе-жек өткізуі тиіс. Олардың алғашқысы 4 мамырда Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтті. Бұл кеште Канело кубалық Уильям Скуллды (23-1, 9 KO) жеңіп, қайтадан абсолют чемпион атанды.
Канелоның айқас үшін алған гонорарыДереккөздердің хабарлауынша, бұл жекпе-жек үшін Канело 80 миллион доллар гонорар алған. Ал оның қарсыласы Скуллдың табысы 3 миллион долларды құрады.
Салыстырар болсақ, 2024 жылы Хайме Мунгия мен Эдгар Берлангамен өткен екі жекпе-жек үшін Канело жалпы 73 миллион доллар тапқан болатын (Sportico мәліметі бойынша).
PPV сатылымы көңіл көншітпейдіАлайда ақылы трансляция (PPV) сатылымы өте төмен. Brunch Boxing дерегі бойынша, Канело – Скулл жекпе-жегі кезінде шамамен 260 мың PPV сатылған. Трансляция сатылымы кейінгі кезде жалпы түсіп кетсе де, бұл Альварес сияқты әлемдік деңгейдегі жұлдыз үшін тым төмен көрсеткіш. Мәселен, Берлангамен өткен айқаста PPV сатылымы 650 мың болған.
Канело бір раунд үшін 8 миллион доллар пайда тауып отырRiyadh Season жобасымен жасалған келісімнің жалпы сомасы 400 миллион доллар. Бұл Саульге кепілденді түрде төленетін сома, яғни, билет сатылымы, PPV, мерчендайзинг немесе жарнамадан түсетін табысқа тәуелсіз.
Осылайша, шамамен есептегенде, Канелоның рингтегі бір минуты – 200 мың доллар, ал бір раунды – 8,33 миллион доллар (яғни 4,2 миллиард теңге).
Кроуфордпен айқас нағыз май шелпекАлда жартылай орта салмақтағы бірталай жыл чемпион болып келген Теренс Кроуфордпен өтетін мегажекпе-жек бар. Алғашқы мәліметтерге сүйенсек, бұл кездесу үшін Канело 150 миллион, ал Кроуфорд 50 миллион доллар алады екен.
Бұл кездесу қыркүйек айына жоспарланып отыр. Қалған екі жекпе-жек 2026 жылы ақпан мен қазанда өтеді деп жоспарланған.