Қазақстандық боксшы Ақжүрек Қалабай Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан U19 әлем чемпионатында мерзімінен бұрын жеңіске жетті, деп хабарлайды Vesti.kz.
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1/16 финалда отандасымыз эстондық Александр Живолоуппен кездесті.
Қалабай жекпе-жектің алғашқы минуттарынан бастап бастаманы өз қолына алып, қарсыласын төрт рет нокдаунға түсірді. Нәтижесінде төреші екінші раундта кездесуді тоқтатып, қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Еске салайық, бүгін Әділ Асканбай (50 келі) украиналық Михайло Сидоренконы жеңіп, ширек финалға өтті. Сонымен қатар 20 қазанда Будвада тағы екі қазақстандық шаршы алаңға шығады. Тимур Тайбеков (80 келі) 1/16 финалда португалиялық Гонсало Родригеспен жұдырықтасады. Ал әйелдер арасындағы жарыста Зарина Толыбай (80 келіден жоғары) жартылай финалға өту үшін Тувалу елінің боксшысы Френцис Таафакимен кездеседі.
World Boxing ұйымы өткізіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 27 қазанға дейін жалғасады. Жарыста 69 елден келген 474 спортшы ерлер мен әйелдер арасындағы он салмақ дәрежесінің әрқайсысында жүлде үшін бақ сынап жатыр.