"Бос сылтаудан жалықтым". Сондерс "Канело" мен Головкинді ашық ескертті

Билли Джо Сондерс. Сурет: thesunbest.com
Екінші орта салмақта WBO чемпионы британиялық Билли Джо Сондерс (28-0, 13 КО) промоутер Эдди Хирнмен (Matchroom Boxing) ресми түрде келісімшартқа отырды.

Британиялықтың келісімі Ұлыбританияда Sky Sports арнасы, ал АҚШ-та DAZN платформасында көрсетілетін бірнеше жекпе-жекке есептелген. Сондерстің келесі жекпе-жегі туралы алдағы аптада хабарланады.  

Чемпионның сөзінше, енді ол орта салмақта Сауль "Канело" Альварес, Геннадий Головкин, Деметриус Андрадемен немесе кемі өз отанында Каллум Смитпен жұдырықтасуды мақсат тұтып отыр.

"Бұл қадам маған үлкен табыс әкеледі. Эдди Хирн мен Matchroom Boxing үлкен жекпе-жектерге жол ашады. Мен Головкин мен "Канелоның" аумағындамын. Оларды жұдырықтасуға мәжбүр ету үшін осы қадамға бардым, өйткені олардың бос сылтауларынан шаршадым. Бұл жекпе-жектер қаржылық жағынан ұтымды және бір желіде болғандықтан мәні бар.

Үлкен жекпе-жектер бар жерге барамын. Орта және екінші орта салмақта жұдырықтасуға дайынмын. Менің белбеуімді біреу алғысы келсе, қарсы аламын. 

Matchroom-де ұзақ жылдар тамашалап келген жекпе-жектерді асыға күтемін. 168 фунт немесе сегіз фунт төмен салмақта жұдырықтасу сөз емес. Алға жылжуға дайынмын және қазан немесе қарашада көрісеміз деген үміттемін", -  дейді Сондерс Sky Sports арнасына берген сұхбатында.

Сондерс 2 тамызда 2009 жылы кәсіпқой боксқа келгелі жұмыс істеген промоутер Фрэнк Уорреннен кететінін мәлімдеген. Тараптар келісімшартты екі жақты келісіммен үзіп, жақсы қарым-қатынаста қалғанын айтады.