Бокс
Бүгін 10:35

Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны тарихи рекордты жаңартпақ

©

Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Айбек Оралбай Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында World Boxing ұйымының қолдауымен өтіп жатқан Азия чемпионатына қатысты жоспарларын айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.

Оралбайдың айтуынша, ол үш дүркін Азия чемпионы Василий Левиттің рекордын жаңартуды мақсат етіп отыр.

"Жігіттердің бірінші Азия чемпионаты емес. Мен үшін де бұл — үшінші Азия чемпионаты. Бұйырса, бар күшімізді салып, командалық есепте бірінші орын алуға және жанкүйерлерді қуантуға тырысамыз.

Мен ауыр салмақта өнер көрсететіндіктен, қарсыластардың көбісімен бұрыннан рингте кездескенмін. Бір-екі ғана балы бұрын шықпаған. Бұл Азия чемпионаты қыркүйекте өтетін Азия ойындарына дайындық болады деп ойлаймын. Егер мен Азия чемпионы атансам, Қазақстан тарихында бұл турнирді үш рет жеңген екінші боксшы боламын. Біріншісі - біздің ағамыз Василий Левит. Бұйырса, осы рекордты жаңарту керек. Бұйырса оны озу керек деп ойлаймын", - дейді Айбек.

Айта кетейік, Айбек Оралбай бұған дейін Амманда-2022 (Иордания) және Чиангмайда-2024 (Таиланд) өткен Азия чемпионаттарында жеңімпаз атанған. Сонымен қатар ол 2025 жылғы әлем чемпионы.

Азия чемпионаты 10 сәуірге дейін жалғасады. Айбек Оралбай турнирдегі алғашқы жекпе-жегін 4 сәуір күні 1/4 финалдан бастайды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport