Қазақстан бокс федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов қызметінен кеткені туралы ресми мәлімдеме жасады. Сәтжановтың орнына кім тағайындалатыны белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Сәтжанов Қайрат Тұрсынханұлы 2024 жылдың тамыз айынан бастап Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы қызметін атқарды.
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысының жетекшілігімен ерлер командасы көптеген халықаралық турнирлерде топ жарып, әлем чемпионатының жүлделерін иеленді. 35 жылдан аса тәжірибесі бар маман денсаулығына байланысты бұл қызметтен бас тартуына тура келді.
Қайрат Тұрсынханұлына отандық бокс қауымдастығының атынан алғыс білдіреміз", - делінген ресми хабарламада.
Енді 55 жастағы Сәтжановтың орнына Қазақстан құрамасын 50 жастағы Нұржан Насанов жаттықтырады. Ол 2016 жылдан бері бапкерлік қызметпен айналысып келеді, ал 2024 жылдың тамыз айынан бастап Сәтжановтың бапкерлер штабында жұмыс істеген.
Нұржан Насановтың танымал шәкірттерінің қатарында екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай бар.