Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов алдағы Азия чемпионаты мен Азия ойындарына дайындық жоспарын бөлісті, деп хабарлайды Vesti.kz сайты ҚР ҰОК-ке сілтеме жасап.
- Жалпы ұлттық құрама туралы не айтар едіңіз? Сіз қызметке кіріскеннен кейін дайындық жүйесіне өзгеріс енгізіле ме?
- Бапкерлік қызметке тағайындалған сәттен бастап ұлттық құраманың әлеуетін өз көзіммен көріп, мүмкіндігін саралауды жөн санадым. Сол себепті негізгі құрамды Испания мен Болгарияда өткен халықаралық турнирлерге апардым. Әр бапкердің өзіндік әдіс-тәсілі, дайындау жүйесі бар. Біз жаттығу барысында спортшылардың физикалық дайындығына, функционалдық төзімділігіне және тактикалық сауаттылығына айрықша мән береміз.
- Жақында Странджа кубогы өтті. Сол турнирде өнер көрсеткен боксшыларға қандай баға берер едіңіз? Негізгі құрамға қосылатын спортшылар бар ма?
- Бұл жарысқа көптеген ел бірінші нөмірлі спортшыларын алып келді. Біз екінші және үшінші құрамдағы боксшыларға мүмкіндік бердік. Өзбекстан құрамасы да бірінші және екінші нөмірлі спортшыларын қосты. Оған қоса қатысушылар саны артып, бәсеке жоғары деңгейде болды.
- Алдағы уақытта оқу-жаттығу жиындары өткізіле ме? Жоспар қандай?
- Биыл негізгі мақсатымыз - Азия чемпионаты мен Азия ойындары. Әр жарысқа арнайы әзірленген дайындық жоспары бар. Біз Азия ойындарына дейін жоспарлы түрде циклдік жүйемен дайындаламыз. Қазір алғашқы цикл аяқталды. Бірінші оқу-жаттығу жиыны «Алма-Тау» орталығында болса, екіншісі Испанияда өтті. Кейін жарысқа қатыстық. Әр цикл екі оқу-жаттығу жиыны мен бір жарыстан тұрады.
Мен барлық спортшыға өздерін сынап көруге мүмкіндік бердім. Команданың әлеуетін саралап алдық. Енді соған сәйкес нақты бағытта жұмысты жалғастырамыз.
Қазіргі таңда бірінші нөмірлі спортшылар Алматыда дайындықты бастап кетті. 12 наурызда екінші дайындық кезеңіне көшеміз. Одан кейін Азия чемпионаты ұйымдастырылады. Осылайша, Азия ойындарына дейін төрт дайындық циклі өтеді. Бұдан бөлек, АҚШ-та оқу-жаттығу жиындары жоспарланған. Соңғы оқу-жаттығу жиыны Жапонияда ұйымдастырылады.
- Алдағы ірі додаларға құрам қалай жасақталады?
- Қазір нақты жоспарымыз бар. Азия чемпионатынан кейін ұлттық құраманың тізімі белгілі болады. Азия ойындарында алты салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынады. Оған қоса алда екі Әлем кубогының кезеңі өтеді. Бірінші кезең Бразилияда, екінші кезең Қытайда ұйымдастырылады. Сондықтан іріктеуге әлі уақыт жеткілікті. Барлығын саралап, асықпай шешім қабылдаймыз.
Жарнама