Дакарда өтетін 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының бокс турниріне берілетін лицензиялар толық бөлінді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Қазақстан үш лицензия иеленді
World Boxing ұйымы Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасының бокс турниріне іріктеу кезеңінің аяқталғанын ресми түрде жариялады.
Жалпы жарысқа 120 лицензия бөлінді: онда 60 лицензия ұлдарға және 60 жолдама қыздар арасында үлестірілді. Жолдамаларды 79 ұлттық олимпиадалық комитеттің өкілдері иеленді. Ұйымдастырушылар гендерлік теңдіктің толық сақталуын қамтамасыз етті.
Іріктеу қорытындысы бойынша Қазақстан үш лицензия жеңіп алды. Қыздар құрамасы 54 және 57 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде бақ сынаса, ұлдар құрамасы 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді.
Өзбекстан екі жолдама алды
Өзбекстан құрамасы жасөспірімдер Олимпиадасында екі боксшымен қатысады.
Қыздар құрамасы 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, ал ұлдар командасы 65 келіге дейінгі салмақта сынға түседі.
Іріктеу қалай өтті?
Лицензиялар Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) алты негізгі қағидаты негізінде бөлінді. Олардың қатарында спортшылардың нәтижелері мен құрлықтық өкілдік те ескерілді.
Іріктеудің маңызды кезеңдерінің бірі 2026 жылдың наурыз айында Таиландтың Бангкок қаласында өткен World Boxing Futures Cup турнирі болды.
Жарыс қашан өтеді?
2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасы 31 қазан мен 13 қараша аралығында Сенегал астанасы Дакарда өтеді.
Бұл Африка құрлығы тарихында алғаш рет ұйымдастырылатын Олимпиада ойындары болмақ.
Жарнама