Бокстан Қазақстан чемпионы басқа елдің құрамасына ауысты

21 желтоқсан 09:12
©olympic.kz

Бокстан Қазақстан чемпионы Владислава Кухта спорттағы азаматтығын ауыстырып, Венгрия құрамасы сапына ауысты. Бұл туралы спортшының өзі Instagram желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Vesti.kz.

Боксшы қыз 2020 және 2022 жылы Қазақстан чемпионатында топ жарған. Жеңісті сәттерінен жинақталған видео жариялап, өз шешімі жайлы тарқатып жазды. 

Менің спорттағы мансабыма қатысты көптеген сұрақ қойылды, стористерде де көрінбей кетуімнің себебі болды. Биыл мен үшін тағдыршешті жыл болды. Өз еңбегімді, жатттықтырушымның еңбегін зая кетіргім келмейді, келмеді. Сондықтан да тәуекелге бел будым. Осы жылғы басты шешімім – спорттағы азаматтығымды ауыстыру. Мен енді Венгрия құрамасы сапында жұдырықтасамын. Қазақстан менің жүрегімде қалады. Бірақ менің тағдырыма осылай жазылған екен. Түсінгендер түсінеді. Маған сеніп, қолдау білдірген және білдіретін жандарға рақметімді айтамын, - деп жазды спортшы. 

"НК" басылымына берген сұхбатында Владислава Кухта халықаралық жарыстарға (әлем чемпионаты, Азия ойындары) қатыспағаны жайлы, құрамада Римма Волосенкоға сенім артатыны туралы айта кеткен. 

Венгрия бокс федерациясы Владислава мен жаттықтырушысы Акзам Барлыбаевқа 2022 жылы ұсыныс жасаған. Ол кезде қазақстандық боксшы ұлттық құрамаға ілігу жайын ойлап, ұсынысты кері қайтарған. 

"Сәуір айында Венгрия бокс федерациясы кезекті рет жаттықтырушыма ұсыныс айтты. Олар менің неге әлем чемпионатына қатыспағаныма қарап, бірге жаттығуға шақырды. Біз ұзақ ойлана келе, ақыл таразысына салып барып осы шешімге келдік. Спорттық мансапты жоғары дәрежеде жалғастыруға бұл бір мүмкіндік болды. Маусым айында Венгрияға барып, оқу-жаттығу жиындарына қатысып, талаптарымен таныстық. Қыркүйек айында IBA шешімімен Венгрия құрамасына қабылдандым. Өз елімнің атынан шыққам-ақ келеді, бірақ жағдай осылай болды", - дейді Владислава. 

Қазақстандық боксшы қыз Венгрия чемпионатына қатысып үлгерген. Онда қарсыластарының бәрін жеңіп, ел чемпионы атанды. Қазіргі таңда Венгрия құрамасы сапында жаттығуын жалғастырып, алдағы уақытта Париж Олимпиадасы жолдамасына лицензия беретін жарыстарда бақ сынайды. 

"Жылды жақсы қорытындыладық, бірақ бұл жұмыстардың басы ғана. Алда мені арманыма жетелейтін көптеген жарыс күтіп тұр. Жеке жаттықтырушым Акзам Барлыбаевқа алғысымды білдіремін. Жақсы жетістік пен жоғары нәтиже көрсетуіме күш салып келеді. Қолдаушыларға рақметімді айтамын", - дейді боксшы қыз.

Владислава Кухта Қазақстан чемпионатында 57 килода екі рет чемпион болды. 2015 жылы жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында қола медаль еншілеген.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport