Бүгін, 9 мамыр Түркияның Ыстамбул қаласында бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты басталады, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
Бәсекенің бірінші күні Қазақстан құрамасының бір ғана боксшысы шаршы алаңға шығады. Ол - Валентина Хальзова. 70 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін отандасымыздың қарсыласы кениялық Лорна Куса Симби болады.
Әйелдер арасындағы әлем чемпионатын QazSport арнасы тікелей эфирде көрсетеді. Бүгінгі трансляция Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 21:00-де басталады. Хальзова шаршы алаңға бесінші болып, шамамен 21:40-та шығады.
Аталған әлем біріншілігінде ел намысын мына боксшылар қорғайды. Олар - Назым Қызайбай (50 келі), Жайна Шекербекова (52 келі), Дина Жоламан (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Римма Волосенко (60 келі), Аида Әбікеева (63 келі), Дариға Шәкімова (66 келі), Валентина Хальзова (70 келі), Надежда Рябец (75 келі), Гүлсая Ержан (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары).