Қазақстандық боксшы Әмір Рамазан Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының келесі кезеңіне өте алмады, деп хабарлайды Vesti.kz.
75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін отандасымыз турнирдегі алғашқы жекпе-жегін 2026 жылғы Азия чемпионы, өзбекстандық Сухроб Рахматуллаевқа қарсы өткізді. Қарсыластар кешкі сессия аясында 1/16 финалда кездесті.
Жекпе-жек барысын өзгертіп, басымдыққа ие болуға тырысқанымен, Рамазан төрешілерді өзінің артықшылығына сендіре алмады. Бес төрешінің бәрі жеңісті өзбекстандық боксшыға берді - 5:0.
World Boxing ұйымы өткізіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 27 қазанға дейін жалғасады. Жарыста 69 елден келген 474 спортшы ерлер мен әйелдер арасындағы он салмақ дәрежесінің әрқайсысында жүлде үшін бақ сынап жатыр.
Жарнама