Қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев (24-1, 17 KO) мансабындағы жаңа кезең туралы хабарлады, деп жазады Vesti.kz.
Жүкембаев жаңа қызметке тағайындалды
Батыр Жүкембаев Алматы облысы бокс федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды.
Бұл туралы федерация президенті Бекжан Әшірбаев мәлімдеді.
"Бүгін Алматы облысы бокс федерациясына жаңа вице-президент тағайындағалы отырмыз. Елге танымал меценат, спорт жанашыры әрі қазіргі таңда кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүрген бауырымыз Батыр Жүкембаевты осы қызметке тағайындаймыз. Қазір боксты ұлттық спорт түрі ретінде дамытуға күш салып жатырмыз. Батыр - еліміздің мақтаныштарының бірі, осы салаға үлкен үлес қосып жүрген азамат. Біз өте қуаныштымыз", - деді Әшірбаев.
Алматы облысы бокс федерациясы - аймақта әуесқой және кәсіпқой боксты дамыту, қолдау және насихаттаумен айналысатын ресми қоғамдық ұйым.
Жүкембаев не деді?
Өз кезегінде Батыр Жүкембаев жаңа қызметке тағайындалуына қатысты пікір білдіріп, үлкен жауапкершілікті сезінетінін айтты.
"Бүгін Алматы облысы бокс федерациясы маған осындай қызмет сеніп тапсырғанына өте қуаныштымын. Бұл - үлкен жауапкершілік. Енді алдағы уақытта қазақстандық бокстың дамуына бірге еңбек етеміз", - деді боксшы.
Жүкембаевтың келесі жекпе-жегі
Батыр Жүкембаев рингке 6 маусым күні Ташкент қаласында оралады. Ол жергілікті нокаутер Шохжахон Эргашевпен (26-2, 23 KO) жұдырықтасады.
Айта кетейік, бастапқыда олардың айқасы 9 мамырға жоспарланған болатын, алайда кейін кейінге шегерілді.
Tashkent, get ready! I’m coming to prove I’m the best. ?????? pic.twitter.com/Iv0VOH6t2d
— Batyr Jukembayev (@Batyr777Boxing) May 11, 2026
Жүкембаев пен Эргашевтың ортақ қарсыласы бар - ол пуэрторикалық Субриэль Матиас (23-3, 22 KO). Екі боксшы да оған мерзімінен бұрын жеңілген.
32 жастағы Жүкембаев соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 5 сәуірінде Астана қаласында өткізіп, британиялық Кейн Гарднерті (18-5, 7 KO) төрешілер шешімімен жеңген еді.
Ал 34 жастағы Эргашев үшін бұл Өзбекстандағы қатарынан үшінші айқас болмақ. Ол 4 қаңтар күні Самарқанд қаласында Үндістаннан келген қарсыласын нокаутпен жеңді.
Жарнама