World Boxing ұйымы алғаш рет өткізген 2025 жылғы әлем чемпионатының қорытындысын жариялап, Қазақстан құрамасының жүлделік есептегі жеңісін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Турнир 4–14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өтті.
"Чемпионаттың шешуші күні финалдық жекпе-жектермен есте қалды. 90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай өзбекстандық Жахонгир Зокировты жеңіп, чемпионаттың 520-шы әрі соңғы кездесуінде алтын жүлде жеңіп алды. Бұл жеңіс Қазақстанға жалпыкомандалық есепте бірінші орынды қамтамасыз етті.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын 10 жүлдемен аяқтады: 7 алтын, 1 күміс және 2 қола. Өзбекстан құрамасы жүлде саны бойынша (11 – 6 алтын, 2 күміс, 3 қола) көбірек жүлде жеңіп алғанымен, алтын саны аз болғандықтан екінші орынмен шектелді.
Финал күні Қазақстан құрамасы үшін үлкен жеңіспен аяқталды: сегіз финалдық жекпе-жектің жетеуінде қазақстандықтар жеңді. Жалғыз жеңіліс Назым Қызайбайдың (48 кг) еншісінде қалды – ол үндістандық Минакшиден ұтылды", – деп жазды WB.
World Boxing ұйымы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екі финалдық айқасқа ерекше назар аударды. Әйелдер арасында 65 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікенова өзбекстандық Навбахор Хамидованы жеңсе, ерлер арасында шешуші алтынды Айбек Оралбай Жахонгир Зокировпен өткен кездесуде алып берді.
Осылайша, Қазақстан World Boxing ұйымының аясында алғаш рет ұйымдастырылған әлем чемпионатының жеңімпазы атанып, турнирдің ең үздік бокс державасы деген мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жарнама