1980 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Кеңес Одағы мен қазақстандық боксшы Виктор Демьяненко IBA 4–13 желтоқсан аралығында Дубайда (БАӘ) өткізген 2025 жылғы бокстан әлем чемпионатын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Мен IBA ұйымдастырған әлем чемпионатындағы барлық жекпе-жектерді көрген жоқпын. Алайда Ресейден 12 боксшының финалға шығуы - көп жайтты аңғартады. Бірқатар даулы кездесулерді өз көзіммен көрдім. Не айта аламын? World Boxing ұйымына өткеніміз дұрыс болған. Бұл чемпионат IBA-ның не себепті Олимпиада ойындарына іріктеу құқығынан айырылғанын айқын көрсетті", - деді Демьяненко.
Турнир қорытындысы бойынша жүлделік есепте Ресей құрамасы топ жарып, 7 алтын, 5 күміс және 1 қола жеңіп алды. Қазақстан құрамасы 3 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлдемен екінші орынға жайғасты. Ал үздік үштікті Өзбекстан құрамасы түйіндеді - олардың еншісінде 2 алтын, 4 күміс және 3 қола бар.
Жарнама