Британиялық бокс сарапшысы Мэтт Робинсон 2025 жылы Дубай қаласында (БАӘ) Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) өткізген әлем чемпионатының финалындағы қазақстандық Сәкен Бибосыновтың жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен финалдық айқаста Бибосынов ресейлік Вячеслав Рогозинмен кездесіп, төрешілердің бөлек шешімімен (5:2) жеңіске жетті. Айта кетерлігі, екінші раундта қазақстандық боксшының қарсыласына нокдаун есептелген болатын.
Алайда Мэтт Робинсон төрешілердің шешімімен келіспей, бұл жекпе-жекте ресейлік боксшы Вячеслав Рогозин жеңіске лайық болды деген пікірін білдірді.
"Қазақстандық боксты қаншалықты жоғары бағалайтынымды бәрі біледі, әрі Бибосынов бірнеше жылдан бері менің сүйікті боксшыларымның бірі. Алайда жеңіл салмақтағы финалдағы (төрешілердің) шешімі маған әділетсіз болып көрінді.
Жекпе-жек өте керемет өтті - турнирдегі ең үздік финалдардың бірі болды. Бірақ төрешілік көп сұрақ тудырды. Менің ойымша, Рогозин бірінші раундта сенімді түрде жеңіске жетті - тіпті 10–8 есебіне де толық негіз бар. Үшінші раундты да, сірә, ол өз пайдасына жазды. Тіпті Бибосыновтың ең сәтті раундында да дәл Рогозин әлдеқайда қатаң әрі тиімді жұмыс атқарды.
Мұндай нәтижені көру өкінішті. Қызық, бұл жекпе-жекті өзгелер қалай бағалады екен?", - деп жазды Робинсон әлеуметтік желіде.
Жарнама