Кәсіпқой бокста да өнер көрсетіп жүрген қазақстандық боксшы Сәкен Бибосыновтың келесі қарсыласы анықталды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Nomad Fighting мәліметінше, Бибосынов Намибия боксшысы Иммануэль Йозефпен қолғап түйістіреді.
Йозеф – WBO Africa чемпионы және WBA Asia East белбеуінің бұрынғы иегері. Оның кәсіпқой бокстағы көрсеткіші – 18 жеңіс, 4 жеңіліс және 1 тең айқас.
Сонымен қатар, намибиялық боксшы алты жыл бойы жеңілістің не екенін білмеген және халықаралық титулдық жекпе-жектерде өзінің жоғары деңгейін бірнеше мәрте дәлелдеген тәжірибелі спортшы саналады.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов кәсіпқой рингте әзірге екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті. Оның біреуін нокаутпен аяқтады.
Бибосынов – Қазақстанның әуесқойдағы үздік боксшыларының бірі. Ол 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2021 және 2025 жылдардағы әлем чемпионы. Сонымен қатар, оның қоржынында 2021 жылғы Азия чемпионатының қола және 2022 жылғы құрлық біріншілігінің күміс жүлделері бар.
Жекпе-жек 28 тамызда Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.
Жарнама