Кәсіпқой карьерасын жарқын жеңіспен бастаған қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов (1-0, 1 KO) жанкүйерлеріне әлеуметтік желіде үндеу жасады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Кәсіпқой рингтегі дебютінде Сәкен Бибосынов филиппиндік қарсыласы Кристиан Леганені (6-2-3, 4 KO) бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді.
Бұл менің ғана жеңісім емесӨз жазбасында Бибосынов бұл жеңіс бүкіл команда, жаттықтырушылар және туған-туыстар еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті:
"Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегімді сәтті бастадым. Аллаға сансыз шүкір, бұл кеш - менің алғашқы жеңісіммен аяқталды. Бұл – тек менің емес, мені әр сәтте қолдаған, дайындаған бапкерлерімнің, туған ағамның, командамның ортақ жеңісі!".
Сәкен рингтегі жеңіс бір күннің емес, ұзақ дайындық пен қажырлы жаттығулардың нәтижесі екенін баса айтты:
Бұл тек бастамасы!"Осы жолда біргеміз, бірге тер төктік, бірге намысымызды қорғадық. Бүгін рингте жеңіске жету – тек бір күннің емес, айлар бойы төгілген тердің, ауыр жаттығулардың жемісі.Мен жалғыз бокстасқан жоқпын. Менің жанымда сенім, тілек, дұға тұрды.".
Жазбасының соңында боксшы өзіне сенім білдіріп, қолдау көрсеткен барша жанкүйерлерге алғыс айтып, алдағы жарыстарда да жеңіске жететініне үміт білдірді:
"Жеңіс жалғасын тапсын, бұл – тек бастамасы! Алланың қалауымен, бұдан да биік белестерге бірге жетеміз. Жолымда қолдау білдірген әр жанға – алғысым шексіз! Бұл жеңіс – маған сенгендердің бәріне арналады".