Қазақстандық боксшы Ертуған Зейнуллинов Нидерландтың Эйндховен қаласында өтіп жатқан халықаралық Eindhoven Box Cup турнирінде жарыс жолын аяқтады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Қарсыластың да қабағы жарылды
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен жартылай финалдық жекпе-жекте ол Әзірбайжан құрамасының боксшысы Әли Абдуллаевпен кездесті. Бұл тартысты айқас күтпеген жағдаймен аяқталды.
Үшінші раундта екі боксшының да беті қан-жас болып, жарақат алып қалғандықтан жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Медициналық тексерістен кейін, жеңіс төрешілердің бөлек шешімімен Абдуллаевқа берілді. Осылайша, Зейнуллинов турнирдің финалына жолдама ала алмады.
Қазақстандық боксшы қабағын бұдан бұрын жарып алған
Ертуған үшін бұл турнирдегі үшінші жекпе-жек болды. Бастапқы кездесуде ол Швеция боксшысы Хилал Салехті анық жеңген болатын.
Екінші кезеңде қазақстандық боксшы Даниялық Абу-Араб Абдаллахпен қолғап түйістірді. Алайда бұл жекпе-жек те уақтынан бұрын тоқтатылды: бірінші раундтан кейін дәрігер Ертуғанның қабағы жарылғаннан кейін, оған жекпе-жекті жалғастыруға рұқсат бермеді. Дегенмен ол кезде Зейнуллинов ұпай санымен алда келе жатқандықтан, жеңіс қазақстандық боксшыға берілді.
Жарнама