Жартылай ауыр салмақта әлемнің бұрынғы абсолют чемпионы Артур Бетербиев пен WBC титулына ие америкалық Дэвид Бенавидес бір-бірімен айқасуға келісті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Ұзап кеткен үзілістен кейінгі айқасқа шақыру
Дмитрий Биволмен өтетін үшінші жекпе-жектің болашағы белгісіз болып тұрған тұста, ресейлік боксшы жаңа басты мақсатты атады.
"Мен Бенавидеспен жұдырықтасқым келеді", - деді Бетербиев.
Америкалық боксшының жауабы көп күттірген жоқ.
"Мен де сенімен жұдырықтасқым келеді, досым", - деп жазды Бенавидес әлеуметтік желідегі пікірлердің бірінде.
Головкинмен байланысы
Дэвид Бенавидес (31-0, 25 KO) жасөспірім кезінде аты аңызға айналған қазақстандық боксшы Геннадий GGG Головкиннің (42-2, 37 KO) спарринг-серігі болған. Алғашқы бірлескен жаттығулары кезінде Бенавидес небәрі 15 жаста болған еді. Бұл кезең оның агрессив әрі күшке негізделген стилінің қалыптасуына айтарлықтай әсер етті.
Бетербиев пен Бенавидес: әр кезеңдегі карьералары
Артур Бетербиев (22-1, 20 KO) 40 жаста. Ол кәсіпқой рингте 2013 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. 2017 жылы алғашқы чемпиондық белбеуін иеленіп, 2024 жылы жартылай ауыр салмақта абсолют чемпион мәртебесіне дейін көтерілді. Алайда биыл ақпанда ресейлік боксшы карьерасында алғаш рет жеңіліске ұшырап, төрешілердің шешімімен Дмитрий Биволдан жеңілді.
Дэвид Бенавидес 29 жаста. Ол да кәсіпқой бокста 2013 жылы дебют жасаған. Америкалық боксшы екінші орта салмақта екі мәрте әлем чемпионы атанып, 2024 жылдан бастап жартылай ауыр салмақта сәтті өнер көрсетіп жүр. Қазіргі таңда ол WBC белбеуіне ие және мінсіз рекордын сақтап отыр - 31 жекпе-жек, 31 жеңіс (25 нокаут).
Трилогия тағдыры белгісіз - көкжиекте жаңа бір мықты айқас қылаулайды
Бетербиев пен Бивол арасындағы жеңістің алмасуынан кейін жанкүйерлер трилогия ресми түрде жарияланады деп күткен. Алайда бұл жекпе-жек әлі күнге дейін расталған жоқ. Осындай жағдайда Бетербиев пен Бенавидес арасындағы ықтимал кездесу өте қисынды әрі аса қызықты балама ретінде қарастырылуда.
Бұл - тәжірибе мен күштің, жастық пен қарқынның текетіресі ғана емес, сонымен қатар, Геннадий Головкин мектебінен өткен боксшымен символикалық айқас болмақ.
Жарнама