Қазақстан құрамасының боксшысы Сабыржан Аққалықов IBA Дубайда (БАӘ) өткізіп жатқан 2025 жылғы әлем чемпионатында ширек финалдық жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.
75 келіге дейінгі салмақтағы оның қарсыласы Израильден келген Мирослав Капулер-Ищенко болды. Аққалықов қарсыласының бетін қан-жоса қылып, төреші жекпе-жекті уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Дегенмен, айқас қайта жалғасты, бірақ, көпке созылмады.
Бірінші үш минуттық кезеңнің соңына бірнеше секунд қалғанда қазақстандық боксшы Капулер-Ищенканы тізерлетіп тастады да, төреші кездесуді тоқтатты.
Осылайша, Сабыржан жартылай финалға өтіп, кепілді түрде жарыстың қола жүлдесіне жетіп отыр.
Аққалықов жастар арасындағы әлем чемпионы атағын жеңіп алған, сондай-ақ, Астанадағы Әлем кубогі кезеңінің жеңімпазы.
Жарнама