Бокс
4 қараша 2021 09:21
 

"Бесеуі де алтын алатын сияқты". Белгілі бапкер әлем чемпионаты мен Қайрат Сәтжановтың еңбегі жайлы

  Пікірлер

blog.share

"Бесеуі де алтын алатын сияқты". Белгілі бапкер әлем чемпионаты мен Қайрат Сәтжановтың еңбегі жайлы Бағдат Оңғарбеков/©Сергей Штарк

Бокстан әуесқойлар арасында 24 қазанда жалауы желбіреген әлем чемпионатының аяқталуына санаулы күндер қалды. Құрама тізгінін ұстай сала үлкен турнирге жол тартқан Қайрат Сәтжанов бас бапкер ретінде жақсы нәтиже көрсетуде. Қазіргі таңда құрама сапында бес боксшы турнирдің басты жүлдесі – алтын медальға үмітті. Осы орайда Алматы қаласының аға бапкері Бағдат Оңғарбеков Vesti.kz тілшісімен әңгімелесіп, әлем чемпионатында атой салып жатқан жерлестеріміз бен Қайрат Сәтжанов туралы пікір білдірді.

blog.share

Бокстан әуесқойлар арасында 24 қазанда жалауы желбіреген әлем чемпионатының аяқталуына санаулы күндер қалды. Құрама тізгінін ұстай сала үлкен турнирге жол тартқан Қайрат Сәтжанов бас бапкер ретінде жақсы нәтиже көрсетуде. Қазіргі таңда құрама сапында бес боксшы турнирдің басты жүлдесі – алтын медальға үмітті. Осы орайда Алматы қаласының аға бапкері Бағдат Оңғарбеков Vesti.kz тілшісімен әңгімелесіп, әлем чемпионатында атой салып жатқан жерлестеріміз бен Қайрат Сәтжанов туралы пікір білдірді.

 Бағдат Оңғарбеков (ортада). Сурет: Сергей Штарк

- Бағдат мырза, Сербияда өтіп жатқан әлем чемпионатындағы біздің жігіттердің жекпе-жектеріне көңіліңіз тола ма?

- Биылғы әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әсіресе отандық былғары қолғап шеберлері үшін сәтті өтуде деуге болады. Кейбір жекпе-жектерге тоқталсам, 63 келіге дейінгі салмақта Төлтаев жеңіске жетті деп ойлаймын. Жалпы жарыстан шығып қалған жігіттеріміз жеңіске жеткен сияқты көрінді. Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Теміртас Жүсіпов әдемі жекпе-жектер көрсетіп жатыр. Қазіргі таңда өнер көрсетіп жатқан бес боксшымыздың барлығы алтын алатын сияқты. Қай-қайсын болса да бөліп жарғым келмейді. Барлығы алтын алып, әлемді таң қалдыратын шығар деген ойдамын.

- Қайрат Сәтжанов қызметіне тағайындала салысымен бірден әлем чемпионатына барды. Жақсы дайындық өткізуге уақыт аз болып қалмады ма?

Бас бапкер Сербиядағы әлем чемпионатының алдында екі оқу-жаттығу жиынын жасады. Оның үстіне құрамаға іліккен жігіттердің барлығы дайын жүрген балалар. Сондықтан тыңғылықты дайындық жасады.

- Париж Олимпиадасына дейін 2,5 жыл уақыт қалып отыр. Осы уақыт аралығында құрамада өзгерістер болады ма, әлде қазір жүрген боксшылар бара ма?

- Міндетті түрде өзгерістер болады. Өз басым Қайрат Сәтжанов ағамызбен жастар құрамасында жұмыс істедім. Бір байқағаным, Қайрат ағамызда жершілдік деген жоқ. Кім мықты, сол жігітті еліміздің қай өңірінен болмасын құрамаға шақырады. Өте әділ кісі. Спарринг өткізеді. Мықтысын тартады. Қайрат ағамыз адам таңдай біледі. Мықтыны алыстан таниды. Әлем чемпионатынан кейін жігіттердің бабын толық біледі. Оның үстіне елімізде құрамаға ілікпеген, қосалқы құрамда жүрген мықты спортшылар бар. Солардың арасынан тағы да іріктеу өткізеді деп ойлаймын. Қараша айының соңында Оралда Қазақстан чемпионаты басталады. Сол жарыста да талантты былғары қолғап шеберлері шығады.

- Белградта көрші өзбек командасының сапында көптеген танымал боксшылар жарысты орта жолда аяқтап жатыр. Бұған қатысты пікір білдірсеңіз.

Жақында осыған байланысты әлеуметтік желіде өзбек бапкерлерінің пікірін оқып шықтым. Олардың айтуынша өзбек боксшылары жасаған соққыларын төрешілер есепке алмаған екен. Соңғы жылдары әлемдік деңгейде жақсы нәтиже көрсетіп жүрген соң өзбектер соған әбден үйреніп алған. Алайда әлем біріншілігіндегі айқастарын қарап отырсаңыз, мысалы Сәкен Бибосынов өзбек қарсыласын таза ұтты. Соған байланысты олар Хасанбойға қастандық жасалды деген әңгілемер айтқан. Гиясов та Шымбергеновтен әділетсіз ұтылды дейді. Жалпы жарыстан шығып қалған боксшыларының барлығына дұрыс баға берілмеді деп жатыр. Дегенмен оларда қазір буын алмасу процессі жүріп жатыр. Кезінде бізде де Елеусінов пен Дычколар кәсіпқойға ауысқанда кішігірім құлдырау болған. Уақыт өте келе біздің құрама жоғары деңгейге тез көтерілді.

Сұхбатыңызға рахмет!

Төменде қазақстандық боксшылардың қарсыластары:

 48 келі Теміртас Жүсіпов – Евгений Кармильчук (Беларусь)

51 келі Сәкен Бибосынов – Танарат Саенгфет (Таиланд)

54 келі Махмұд Сабырхан – Акаш Кумар (Үндістан)

57 келі Серік Теміржанов – Освей Кабаллеро Гарсия (Куба)

67 келі Абылайхан Жүсіпов – Севонрет Оказава (Жапония)

 

 

   

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Жарнама

Живи спортом!