Кезінде Сауль "Канело" Альварестің 57-2-2, 39 КО) ісін жүргізген Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының матчмейкері Роберто Диас мексикалық боксшы мен Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) жекпе-жегіне болажымын жасады, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Олар бір-бірін жақсы біледі. Сондықтан жеңіске мүмкіндіктері теңдей. Алайда ешбірі шешімді төрешілерге қалдырғысы келмейтіні анық. Екеуі де нокаут көздеп отыр.
Жекпе-жек ұзаққа созылған сайын Головкинге ауыр болады. Сондықтан оған айқасты ерте аяқтаған абзал. Ол жастау шағында адам сенгісіз жекпе-жектер көрсететін. 40 жасқа келсе де ол өзін бабында ұстайды. "Канело" екінші орта салмақта ұзақтау жүргенімен ол жеңіл салмақтан келді. Ал Головкин табиғатынан ірі, сондықтан салмақ қуып өзін қажытпайды.
Біз бұл боксшылар туралы ұзақ айтып жүретін боламыз. Әсіресе қыркүйектегі айқастан кейін. "Канело" бұл текетіресті жарқын жеңіспен аяқтайды деп білемін. Альварес нокаутпен жеңетініне бәс тігемін", - деп береді Диастың сөзін WBC ұйымының ресми сайты.