АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында қазақстандық боксшы Мадияр Әшкеев (14-1, 7 КО) отбасы тұрып жатқан үйде өрт шықты, деп хабарлайды Vesti.kz.
37 жастағы спортшы өрт болған сәттің видеосын өзінің Instagram парақшасында жариялап, бұл ауыр жағдайдың қасиетті Рамазан айында болғаннын айтты. Оның сөзінше, дәл сол күні отбасы достарына ауызашарға баруға дайындалып жатқан кезде ол күйік иісін сезген.
Гаражды ашқан сәтте үйдің жартысы отқа оранып жатқанын көрген. Нәтижесінде ол отбасы мүшелерінің барлығын қауіпсіз жерге шығарып үлгерген. Көп ұзамай оқиға орнына келген өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтады. Қазір Әшкеевтің отбасы уақытша достарының үйінде тұрып жатыр.
Бірнеше сағаттан кейін боксшы қайтадан әлеуметтік желіге шығып, өрттен кейінгі жағдайды көрсетті және ең бастысы - отбасы мүшелерінің барлығы аман екенін айтты.
Жанкүйерлердің кейбірі спортшыға қолдау білдіріп, қаржылай көмек жинау мәселесін көтерген.
Айта кетейік, Мадияр Әшкеев бұған дейін Қазақстан бокс құрамасы сапында өнер көрсеткен. 2014 жылы ол Қазақстан чемпионатында қола жүлдегер атанып, сондай-ақ Бүкіләлемдік бокс турнирінде "Астана Арланс" клубының құрамында қола жүлде жеңіп алған.
Кәсіпқой рингте Әшкеев 15 жекпе-жектің 14-інде жеңіске жеткен. Соңғы кездесуін ол 2020 жылдың желтоқсанында өткізіп, америкалық Чарльз Конуэллге есе жіберген. Сол жекпе-жекте ол USNBC титулынан айырылған еді.