Қазақстандық боксшы Саматәлі Төлтаев (8-0, 4 KO) жеңіл салмақта WBA ұйымынң бұрынғы чемпионы, панамалық Хесреэль Корралеспен (27-8, 10 KO) IBF Pan-Pacific белбеуі үшін жұдырықтасады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Төлтаев Ақтөбеде әлемнің бұрынғы чемпионымен кездеседі
Жекпе-жек 31 қазанда Ақтөбеде өтетін кәсіпқой бокс кешінің аясында ұйымдастырылады. Алдағы кездесуді Irfin Promotions промоутерлік компаниясы ресми түрде жариялады.
Төлтаев үшін бұл кәсіпқой рингтегі кезекті сынақ болмақ. Әзірге жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы өз титулдар қорын IBF Pan-Pacific белбеуімен толықтыруды көздейді. Ал оның қарсыласы халықаралық аренада мол тәжірибе жинаған және бұған дейін WBA чемпионы атанған.
Төлтаев пен Корралестің соңғы жекпе-жектері
Саматәлі Төлтаев соңғы рет кәсіпқой рингке шілде айында шықты. Сол кезде қазақстандық боксшы филиппиндік Гэри Тамайоны (11-5-1, 5 KO) төрешілер шешімімен жеңді.
Хесреэль Корралес бұған дейінгі жекпе-жегін ақпан айында өткізді. Панамалық боксшы да ұпай санымен жеңіске жетіп, мексикалық Педро Пенунури Боргародан (13-3, 6 KO) басым түсті.
Ақтөбедегі алдағы кездесу Төлтаевқа жеңіліссіз сериясын жалғастырып, бұрынғы әлем чемпионымен жекпе-жекте титул жеңіп алуға мүмкіндік береді.
Жарнама