Жартылай орта салмақта қолғап түйістіретін Батыр Жүкембаев (19-1, 15 КО) жыл соңында Қазақстанда жекпе-жек өткізуі мүмкін. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне боксшының командасына жақын ақпарат көзі мәлімдеді.
Белгілі болғандай Жүкембаевқа 16 желтоқсан күні Астанадағы бокс кешінде рингке шығу туралы ұсыныс жасалған. Әзірге боксшының қандай шешім шығарғаны белгісіз.
Осыған дейін Жүкембаев WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы "Мексика қабыланы" Оскар Вальдес (30-0, 23 КО) пен америкалық Шакур Стивенсон (17-0, 9 КО) жекпе-жегінің андеркардында шығуы тиіс еді.
Рингке шықпағанына көп болса да жерлесіміз жеңіліс көрмеген абсолют әлем чемпионы Теренс Кроуфордпен спарринг өткізіп үлгерді.
Еске салайық, Батыр Жүкембаев соңғы рет кәсіпқойдағы айқасын өткен жылдың желтоқсанында Канаданың Монреаль қаласында өткізіп, 69 секундта мексикалық Хуан Хосе Мартинес Альваресті (28-11, 20 КО) нокаутқа түсірген.