Бірінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (24-1, 17 КО) өзбекстандық Шохжахон Эргашевке (26-2, 23 КО) қарсы өтетін алдағы жекпе-жекке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл айқас 9 мамыр күні Ташкенттегі (Өзбекстан) "Хумо-Аренада" өтеді. Жүкембаевтың айтуынша, ол бұл кездесуде рингке тек жеңіс үшін ғана шықпайды.
"Бұл жекпе-жек мен үшін өте маңызды. 9 мамырда Ташкентте мен рингке тек жеңіс үшін емес - карьерамның жаңа тарауын бастау үшін шығамын. Жанкүйерлер менің үлкен жекпе-жектер мен үлкен жеңістерге қаншалықты аш екенімді көреді, бұл нағыз айқас болады", - деп келтіреді Жүкембаевтың сөзін Boxingscene.com.
Өз кезегінде Эргашев бұл жекпе-жек екі жыл бұрын-ақ өтуі тиіс болғанын айтты.
"Мен үшін Жүкембаевпен болатын бұл жекпе-жектің жеке мәні бар. Біз рингте екі жыл бұрын жолығуымыз керек еді, бірақ, тағдыр басқаша шешті. Енді сол сәт жетті, сеніңіздер, бұл нағыз отшашу болады. Жанкүйерлер нағыз айқас тамашалауға дайын болсын", - деді Эргашев.
Қоса кетейік, Жүкембаев пен Эргашевтің ортақ қарсыласы бар, ол пуэрторикалық Субриэль Матиас (23-3, 22 КО). Екі боксшы да оған қарсы жекпе-жекте мерзімінен бұрын жеңілген. Ал пуэрторикалық боксшы, өз кезегінде, өткен демалыс күндері нокаутқа түсіп, чемпиондық титулынан айырылды.
Жарнама