"Басын жұлып алғым келді". "Канело" Головкинмен өшпенділік неден басталғанын түсіндірді

Сурет: Sporting News

Төрт салмақта әлем чемпионы Сауль "Канело" Альварес (55-1-2, 37 KO) In Depth with Graham Bensinger бағдарламасына берген сұхбатында қазақстандық Геннадий Головкинмен (41-1-1, 36 КО) спорттық текетірес қалай жеке басқа деген жиркенішке айналып кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Бәрі 2018 жылы "Канелоның" қанынан кленбутерол табылған соң басталды. Осыдан кейін Альварес алты айға бокстан шеттеліп, мамырда өту керек айқас төрт айға шегерілді. Ал қыркүйекте мексикалық боксшы төрешілер шешімімен басым түсіп, Головкин карьерасында алғаш рет жеңілген болатын. 

"Өте ауыр айлар болды, өйткені мені допинг қабылдады деп айыптады, ол допинг болмаса да. Ол заттың пайыздық мөлшері өте төмен еді. Мұнда, Мексикада еттің бәрінде кленбутерол бар. Аздап ет жеп, тест тапсырсаңыз, қаныңызда кленбутерол барын көрсетеді. Бірақ ол допинг емес. Сол уақытта өте қиын болды, бірақ, мен жеңу керегімді еш ұмытпадым. Оны сабау қажет екенін естен шығармадым. Ол жыл мен үшін жаман басталып, жақсы аяқталды", - деп береді Альварестің сөзін Boxingscene.com.

Сонымен қоса, "Канело" допинг дауына қатысты Головкиннің пікірлері де ауыр тигенін айтты.

"Ол кезде өзіме айттым: "Мен оның тұмсығын бұзамын". Сондай мәлімдеме де жасадым. Қарсыластарыма ешқашан құрметсіздік танытқан емеспін, өйткені сыйластық болу керек. Бірақ Головкин басын жұлып алғым келгендердің біріне айналды.

Ешкімге ештеңе дәлелдеуге міндетті емеспін. Кленбутерол - стероид емес. Мен стероид қабылдамадым. Менің басымнан өткен оқиғадан кейін олар кленбутеролдың аз мөлшерде анықталуын заңды етті. Өйткені мұндай жиі болады. Алайда жанкүйерлер мен журналистердің көбі бәрібір түсінбейді, қанша түсіндіруге тырыссаң да. Сені бәрібір даттай береді. Сондықтан оларға бірдеңе дәлелдеп, мені түсінді ма дегенге ешқашан бас ауыртпаймын", - деп аяқтады "Канело". 

Жаңалықтар