Бокс
13 желтоқсан 2021 06:50

"Басқа салмаққа ауысамын". Жеңілмеген қазақ боксшы жоспарымен бөлісті

©boxing-social.com

Алматы төрінде кәсіпқой бокстан MTK Global Kazakhstan менеджерлік компаниясы ұйымдастырған кәсіпқой бокс кешінде отандасымыз Сұлтан Зауырбек (12-0-0, 7 КО) ұлыбританиялық Райан Уиллерден (16-1-2, 1 КО) басым түсті. 10 раундқа жоспарланған жекпе-жекте Зауырбек қарсыласын алтыншы раундта нокаутқа түсірді. Осылайша Сұлтан өзіне тиесілі European WBO белбеуін қорғап қалды.

"Жекпе-жек ойдағыдай болды. Бұл айқасқа төрт ай бойы елден жырақта дайындалдым. Негізі бұл кездесу қазан айында өту керек болған. Алайда қолымның жарақатына байланысты кейінге шегерілді. Қарсыласым солақай болды. Өзім де сол қолмен жұдырықтасатындықтан оңай болмады. Бұл кездесуді уақытынан бұрын аяқтаймын деп ойлағам. Қабағым жарылған соң неғұрлым соққыларды дәл тигізіп нокаутпен жеңгім келді. Бұйырса келесі жылдан бастап басқа салмаққа ауысамын. Әзірге құпия болып қалсын. Қазір 25 жастамын. Менің жасымдағы спортшылардың әлем чемпионы деген атақтары бар. Сондықтан да қазақ еліне жеңіл салмақта әлем чемпионы керек деп ойлаймын. Қатты асығыстық жоқ. Дегенмен, алдағы уақытта титулды айқастар өткізуге тырысамын", - дейді шымкенттік боксшы Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Еске салайық, кештің басты айқасында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев (4-0-0, 3 КО) Тұманды Альбионнан келген Стивен Уордты (13-1-1, 1 КО) техникалық нокаутпен жеңді.

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport