Ирландиялық боксшы Аарон Маккенна (20-0, 10 KO) орта салмақтағы IBF және WBO чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен (17-0, 12 KO) жекпе-жекке шыққысы келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желі арқылы Сауд Арабиясының Ойын-сауық істері жөніндегі Бас басқармасының төрағасы Турки әл аш-Шейхке былай деп үн қатқан болатын:
"Төрт белбеудің бәрін біріктірейік".
Маккенна қазақстандық боксшы мен Турки әл аш-Шейхті белгілеп, оған жауап берді:
"Бәрі қорқып қашып жүр. Мен бұл айқасты қалаймын, кеттік!" ???
Орта салмақтағы барлық чемпиондық белбеулерді біріктіру үшін Жәнібекке WBC және WBA титулдарын иелену қажет. Қазіргі таңда WBC белбеуі доминикандық Карлос Адаместе (24-1-1, 18 KO), ал WBA атағы кубалық Эрисланди Ларада (31-3-3, 19 KO).
Бұған дейін Турки әл аш-Шейх Жәнібек пен Адамес арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыруға тырысқанын айтқан еді. Қазақстандық боксшы бірден келісім берген, алайда, доминикандық тарап жауап қайтармаған. Сол себепті, әл аш-Шейх жекпе-жектің өтпей қалуына Адаместі кінәлі деп санайды.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы кейнігі жекпе-жегін 5 сәуір күні Астанада өткізіп, бесінші раундта франциялық Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) нокаутпен жеңген болатын.
Жарнама