Бокс
13 тамыз 2021 14:26
 

"Бапкермен ақылдасамын...". Токиода төрешілер аяқтан шалған қазақ боксшысы кәсіпқойға ауысу жайлы

  Пікірлер

blog.share

"Бапкермен ақылдасамын...". Токиода төрешілер аяқтан шалған қазақ боксшысы кәсіпқойға ауысу жайлы Сурет: REUTERS / AMR ABDALLAH DALSH©

Бокстан 52 келі салмақ дәрежесінде Токио олимпиадасының қола жүлдегері атанған Сәкен Бибосынов Vesti.kz тілшісіне эксклюзив сұхбат берді. Боксшы әңгіме барысында олимпиададан кейінгі көңіл-күйін айтып, Токиодағы ең қиын жекпе-жегін атап өтіп, жартылай финалдағы төрешілердің қызметіне қатысты пікірін білдірді. 

blog.share

Бокстан 52 келі салмақ дәрежесінде Токио олимпиадасының қола жүлдегері атанған Сәкен Бибосынов Vesti.kz тілшісіне эксклюзив сұхбат берді. Боксшы әңгіме барысында олимпиададан кейінгі көңіл-күйін айтып, Токиодағы ең қиын жекпе-жегін атап өтіп, жартылай финалдағы төрешілердің қызметіне қатысты пікірін білдірді. 

- Сәкен, алтынға тең болған қола жүлдең құтты болсын! Олимпиададан кейінгі атмосфера өзгеше шығар?

- Армысыздар! Құттықтауларыңызға көп рақмет. Көңіл-күйім тамаша. Қазақстанға келгелі халықтың сый-құрметіне бөленіп жатырмын. Разымын!

- Жартылай финалдағы жекпе-жектен кейін көзіңе жас келгенін бүкіл қазақ елі көріп, жеңіске деген құштарлығыңа тәнті болды. Сол бір сәт жайлы айтып берсең...

- Арманым көк байрағымызды Токио төрінде желбірету еді. Сол үшін де рингте аянып қалған жоқпын. Алтынға жету жолында бар күшімді салдым, бірақ  бұйырғаны қола медаль екен. Аздаған өкініш бар әрине, дегенмен бұл олимпиада нәтижесі менің ерік-жігерімді қамшылай түсті. Енді бұйыртса Парижде өтетін ойындарда ел сенімін ақтап, жеңіс тұғырына шығуға ниеттімін.

- Токиода төрт қарсыласыңмен де тартысты әрі қызықты жекпе-жек көрсеттің. Қайсы айқас сен үшін қиындау болды?

- Олимпиадада өткізген төрт айқасымның ішінде, 1/8 финалда әлем чемпионатының жүлдегерімен жұдырықтастым. Сол екінші жекпе-жегім өте қиын болды. Қарсыласым франциялық Билал Беннама менің салмағымдағы әлемнің екінші нөмірлі боксшысы. Үш раунд бойы батыл қимылдап, жылдам шабуылдап оған соққы жасауға мұрша бермеу керек деген жоспар құрдық. Нәтижесінде 5:0 есебімен жеңіске жеттім.

- Күллі Қазақстан сені жартылай финалда жеңді деп санайды. Төрешілердің шешіміне қатысты не айтар едің?

- Жартылай финалдағы жекпе-жекте мен сенімді түрде ұттым деп ойладым. Алайда төрешілер басқаша шешім шығарды. Әділқазыларға еш айтарым жоқ. Бұл жеңілістен менің сағым сынып, жігерім мұқалмайды. Керісінше одан сайын еңбек етіп, шыңдала түсуім керек деген мақсат тұр.

- Токио ең алғашқы олимпиадаң болды. Әр жекпе-жегіңде, әр раундта үлкен рухпен жұдырықтастың. Бұл күш саған қалай келді?

- Рингтегі әр қарсыласыма ең ақырғы айқасыма аттанғандай сезімде шықтым. «Сәкен, сенің қолыңнан келеді! Өз күшіңе сен, бұл бар өнеріңді көрсететін ең маңызды сәтің...» деп, өзімді жігерлендіріп отырдым. Олимпиадада ел намысын қорғау маған осылайша қосымша қуат берді. 

- Олимпиада кезіндегі жұдырықтасу мәнеріңе сүйсінген біраз жанкүйерің сені кәсіпқой бокстан көргісі келеді. Кәсіпқой рингке шақырту түссе баруға ниеттісің бе?  

- Кәсіпқой боксқа түбегейлі ауысу ойымда жоқ. Бәлкім болашақта ұсыныстар келіп жатса, бапкеріммен ақылдасып бірге шешім қабылдармыз. Әзірге әуесқой рингте менің аттанатын әлі талай жорығым бар. 

- Осы дәржеге жетуіңе септік болған жандарға айтар тілегің бар ма?

- Боксшы ретіндегі мансабымдағы ең жоғарғы жетістігім осы олимпиада жүлдесі. Мені дүниеге әкеліп, өсіріп, осындай нәтижеге жетуіме септік болған ата-анама алғысым шексіз. Бала күнімнен мені баптаған кісілер және кейін жеке жаттықтырушым атанған Мырзағали Айтжанов ағам бар. Менің жеңісіме осы кісілердің де қосқан үлесі зор. Бәріне рақмет.  

- Жүлде алуыңмен ең бірінші болып кім құттықтады?

- Ең бірінші жүлде алуыммен отбасым құттықтады. Одан кейін көптеген адамдар әлеуметтік желіде хат жазып және қоңырау шалып тілек білдіріп жатты. Жұрттың осындай үлкен ықыласын сезінген сәтте керемет марқаясың.

- Түркістан облысының тумасысың, жанұяң жайлы айта кетсең. Боксқа жасаған алғашқы қадамың қандай?

- Жанұямызда үш ұлмыз. Екі ағам бар, мен үйдің кенжесімін. Өзім әзірге отбасын құрған жоқпын. Спортқа деген қызығушылық бала күнімнен бар. Ең бірінші мені боксқа үлкен ағам алып келді.

- Токиода өткен олимпиада ойындарында жанкүйерлердің болмауы саған әсерін тигізе алды ма?

- Токиода көрермендер болған жоқ. Дегенмен мен шаршы алаңда қазақстандық жанкүйерлердің керемет қолдауын, ыстық ықыласын сезіндім. Әр жекпе-жегімде менімен бірге рингте жүргендей күй кешетін халқымның барына қуанамын.

- Елге келіп қошеметке бөленіп жатырсың. Бірақ спортшының демалысы аз болатындығын білеміз. Жақын уақыттағы жоспарың қандай?

- Алдағы уақытта әлем чемпионаты күтіп тұр, келесі жылы Азия ойындары өтеді. Осы халықаралық додаларда елге алтын жүлде сыйлағым келеді.

 - Адам ретіндегі басты өмірлік арманың қандай және оған жете алдың ба?

- Адам ретінгеді басты арманымның бірі – мұқтаж жандарға көмектесу, өз ортама пайдалы болу. Келешекте үлкен мешіт салғым келеді. Менің рингтегі әр жетістігім, елімнің абыройын асқақтатуға қосқан үлесім. Отанға қызмет ету дейтін ұлы парызымның бірін осылай орындап жатырмын деп ойлаймын.

- Сен үлгі тұтатын боксшылар кім?

- Мен үлгі тұтатын боксшылар Серік Сәпиев, Бақтияр Артаев. Осы кісілер маған спортшы ретінде, ағалық түр-тұлғасымен әрі адами мінезімен ұнайды.

- Тәуелсіздік алғалы бері бес олимпиададан да алтынсыз қайтпаған Қазақстан боксшылары, Токиода тек қоламен шектелді. Осыған қатысты пікірің қандай?

- Өкінішке орай бұл жолы бізге алтын бұйырмады. Бірақ келесі олимпиада ойындарында қоржынымыз алтын жүлдеге толады деген сенімдемін. Елге айтарым бізді әркез қолдап, үміт үзбеңіздер. Жеңісті әрі мерейлі күндеріміз әлі де көп. Токиода өнер көрсеткен барша спортшы ұл-қыздарына сенім білдіріп, тілекші болған халыққа басымды иіп алғыс айтамын!  

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Жарнама

Живи спортом!