Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында Ташкентте өткен әлем чемпионатына дайындық жайлы айтып берді.
- Кейінгі уақытта бокста жетістік сондай көп болған жоқ. 2020 жылғы Олимпиада мен 2021 жылғы ӘЧ-ден бері не өзгерді? Қандай істі қолға алдыңыз?
- Қаңтардан бастап қайтадан бас бапкер болдым. Тоғыз жыл бұрын осы қызметте болыппын. Қолға алу керек дүниелер болды, соларды түзедік. Тәртіптен бастадық, ары қарай жүйеге көштік. Қазақстан бокс федерациясы мен мәдениет және спорт министрлігіне алғыс білдіремін. Бізге үлкен қолдау көрсетті. Бірлік бар жерде, тірлік бар.
Ал бәсекелестік әр салмақта екі-үш мықты үміткер болды, бірақ спарринг қорытындысы бойынша біз таңдау жасадық. Кей салмақта таңдау жасау өте қиын болды. Мәселен 48 келіде тәжірибелі Теміртас Жүсіпов бар, бірақ оның орнына Санжар Тәшкенбайды алдық.
- Бұл тәуекел емес па?
- Тәуекел десек те болады, алайда оған сенім болды. Мінезді жігіт, ұтылғанды жек көреді, сондықтан оған үміт арттық.