Бүгін, 20 қарашада қазақстандық боксшы Нұрбек Мұрсал World Boxing ұйымдастырған 2025 жылғы Әлем Кубогінің финалдық кезеңінде шешуші соңғы жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.
70 келіде өнер көрсететін Нұрбек алтын үшін финалдық айқаста ринг қожайыны Хитеш Хитешпен жұдырықтасты.
Бірінші раундта Нұрбек аяқпен жақсы жұмыс істеп, қарсыласының шабуыл бағытынан ығысып, қарсы соққыларын дәл тигізіп отырды. Осының арқасында үндістандық боксшының агрессиялық стиліне оңай төтеп беріп отырды да, нәтижесінде қазылар қазақ боксшыға 4:1 есебімен басымдық берді.
Екінші раундта Хитеш шабуылын үдете түсті, дегенмен, Мұрсал тактикасынан қайтпай, сауатты қорғанып, қарсы шаубылдап отырды, алайда, бұл раундта қазылар жеңісті аздаған басымдықпен ринг қожайынына берді 3:2.
Үшінші шешуші раундта да қазылар басымдықты үндістандыққа берді, осылай, Хитеш екі раунд қорытындысы бойынша жеңімпаз атанып, турнир чемпионы атағын иеленді. Ал Нұрбек күміс жүлдегер болды.
Еске салайық, жартылай финалда Нұрбек Мұрсал украиналық Юрий Захарьевті жеңген болатын, ал Захарьев 2022 жылғы Еуропа біріншілігінің жеңімпазы және 2021 жылғы әлем чемпионы.