Ауыр салмақта WBO inter-continental белбеуі үшін жекпе-жек 2 қарашада Екатеринбургте өтеді. Жекпе-жек 10 раундқа есептелген.
"Бұл жекпе-жекті өткізу мүмкіндігі күз басында талқыланған. Ақыры ресейліктің промоутерлері хабарласып, уақытын ұсынды. Исамен бұл мүмкіндікті талқыладық. Ол бұл жекпе-жек нағыз керегі дегенді айтты. Өмір бойы бокспен айналысқан адам уақыт өте рингке сынақ үшін ғана шыққысы келеді. Иса жаттығуларын біраз уақыт бұрын бастаған, ал қазір спаррингтер уақыты. Ол барынша дайындалып жатыр, бар назары сонда. Сондықтан журналистерге уақыты жоқ, тек залдағы жұмыс қана.
Бокс сүйер қауымнан бұл қиын жекпе-жекте жерлестерін қолдуын сұрағым келеді. Тек жеңіс тілеу, әлем бойынша қазақ жанкүйерлерінің қолдау дәстүрі Қазақстаннның бір жақсы көрінісі болып кеткен. Ал өз тарапымнан боксшыларға жарақатсыз жекпе-жек пен тамаша шоу тілеймін!", - дейді Лучников.
Еске салайық, 28 жастағы Евгений Тищенко қазақстандықтарға 2016 жылғы Олимпиада финалында Василий Левитпен жұдырықтасқанымен белгілі.
Ал 35 жастағы қазақ боксшы екі жылдай жұдырықтаспады. 2017 жылы желтоқсанда Иса Боксния және Герцеговина боксшысы Мирнес Денадичті жеңіп, WBA желісіндегі титулды иеленген еді.