Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай Ливерпульде өткен 2025 жылғы әлем чемпионатындағы өнеріне пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Айта кетейік, Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта әлем чемпионы атанды. Финалда ол өзбекстандық Жахонгир Зокировты жеңіп, алтын жүлде иеленді.
Капитанның айтуынша, оның келесі мақсаты – Олимпиада жүлдесі.Оралбайдың бұл жеңісі Қазақстан құрамасына жүлделік есепте бірінші орынды алып берді."Халықтың маған сенімі жеңіске жігер берді. Бұл жеңіс үшін бар күшімді салдым. Бұл – тек бастамасы. Біз мұнымен тоқтамаймыз. Менің жетістіктер қоржынымда Олимпиада жүлдесі жетіспейді. Өздеріңіз білесіздер, бір Олимпиаданы өткізіп алдым. Енді алда үлкен жұмыс күтіп тұр – мұндай қателіктерге жол бермеу үшін бапкерлермен бірге дайындықты күшейтеміз. Бұл әлем чемпионаты Қазақстан боксының суперауыр салмақ тарихына енді. Өз атымды осы тарихқа алғаш болып жазғаныма қуаныштымын. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Мен оны қайта жазуға барымды саламын. Бізге Олимпиада жүлдесі қажет", – деді Оралбай World Boxing ұйымына берген сұхбатында.
Айбек Оралбай болашақта қандай бағытта жұмыс істейтінін де атап өтті:"Жаттығу кезінде бапкерлер жалпы есеп 6:6 екенін айтты. Менің жекпе-жегім шешуші болады деді. Сол себепті рингке үлкен дайындықпен шықтым. Көріп отырғандарыңыздай, бірінші раунд қарсыласымның пайдасына шешілді. Бірақ бұл – үш раундтық жекпе-жек, сондықтан бар күшімді салып, жағдайды түзеуге тырыстым. Егер төртінші раунд болса да, соған жететін күшім бар еді", – деп қосты құрама капитаны.
"Бұл салмақта менімен бірге әлемнің түкпір-түкпірінен 30 спортшы жұдырықтасты. Солардың 29-ы артта қалды, мен бірінші орынды иелендім. Басқа боксшылармен салыстырғанда, мен бұл категорияда ең жеңілдердің бірімін — менің қазіргі салмағым 100 келі. Ал қарсыластарым 115–120 келі шамасында. Бірақ соған қарамастан, олармен тең дәрежеде жұдырықтаса аламын. Сондықтан жаттығуды жалғастырып, физикалық дайындығымды одан әрі жетілдіру қажет".