Қытай құрамасындағы қазақ боксшы Данабек Байқоныс Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының финалына өтті, деп хабарлайды Vesti.kz.
90 келіден жоғары салмақтағы жартылай финалында Данабек Байконыс Үндістан боксшысы Нарендер Нарендерді техникалық шешіммен жеңді. Қарсыласы алғашқы раундтың өзінде ауыр жарақат алып, қабағы қатты жарылғандықтан, төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Нәтижесінде жеңіс Байқонысқа берілді.
Енді алтын үшін айқаста ол Қазақстан құрамасының капитаны Айбек Оралбайға қарсылас болады. Бұған дейін қазақстандық боксшы жартылай финалда Түрікменстан боксшысы Довлет Исламовты жеңіп, финалға жолдама алған еді.
Осылайша, суперауыр салмақта көрермендерді "қазақ дербиі" күтіп тұр.
Еске салайық, 7 сәуір күні Қазақстан боксшылары жартылай финалдық жекпе-жектерін өткізді. Әйгерім Сәттібаева финалға шыға алмай, моңғолиялық Энх-Амгалан Номундариге есе жіберді.
Ал Сабыржан Аққалықов өз кезегінде Далай Ганзоригті техникалық нокаутпен жеңіп, финалға өтті. Сондай-ақ Нұрбек Оралбай да Бариаахан Доржды ұтып, шешуші айқасқа жолдама алды.
Жарнама