Бокс
24 қыркүйек 2021 17:15

"Ауыр салмақ болғандықтан...". Белгілі қазақ боксшы Усик пен Джошуа айқасына қатысты

©inbusiness

Осы аптада әлем назары Лондон төріндегі "Тоттенхэм Хотспур" клубы доп тебетін футбол стадионына ауатыны белгілі. Себебі кәсіпқой боксшы украиналық Александр Усик (18-0, 13 КО) пен ұлыбританиялық Энтони Джошуа (24-1, 22 КО) өзара мықтыны анықтайды.

Осы орайда, бүгінгі таңда Тұманды Альбионда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқан отандасымыз Тұрсынбай Құлахмет алдағы айқас жайлы пікір білдірді.

"Джошуа мен Усик арасында өте тартысты жекпе-жек болады деп ойлаймын. Екеуі де Олимпиада чемпионы атанған. Екеуі де мықты. Мұндай айқас барысында қай-қайсының басымдығы байқала қоймас. Мүмкін бір екі раундта қос спортшы ұпай санымен алға шығатын шығар. Бірақ нақты біреуі айқын басымдықпен ұтады деп есептемеймін. Алайда бұл боксшылар ауыр салмақтың өкілдері болғандықтан, нокаут болуы да мүмкін. Қазір Манчестердемін. Сол жекпе-жекті арнайы тамашалау үшін командамызбен Лондонға барамыз деп жоспарлап отырмыз", - дейді Құлахмет Vesti.kz сайтына берген сұхбатында.

Еске салайық, Энтони Джошуа 2012 жылы Лондон Олимпиадасында 91 келіден жоғары салмақта чемпион атанған. Сонымен қатар, украиналық спортшы да дәл сол Ойындарда 91 келіге дейінгілер арасында қарсылас шақ келтірмей, алтын медальмен еліне оралған.  

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport