Суперауыр салмақта WBC International титулының бұрынғы иегері, нигериялық Айк Ибеабучи кәсіпқой карьерасындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл жағдай Нигерияның Лагос қаласында өткен бокс кешінде болды. 52 жастағы "Президент" лақап атымен танымал Ибеабучи 45 жастағы отандасы Кабиру Товалавимен жұдырықтасты.
12 раундқа жоспарланған жекпе-жек төрешілердің ортақ шешімімен Товалавидің пайдасына аяқталды - 117-111, 115-114 және 115-113. Бұл айқаста WBB ұйымының чемпиондық белбеуі сарапқа салынған еді.
Осылайша, Ибеабучи нөл жеңіліс деген көрсеткішінен айырылды. Ол соңғы рет 1994 жылы әуесқой бокста өнер көрсеткен кезінде жеңілген болатын.
Айта кетейік, 1999–2015 жылдар аралығында Айк Ибеабучи ауыр құқықбұзушылықтар үшін түрмеде отырған. 2015 жылы бостандыққа шыққанымен, 2016 жылы қайтадан қамауға алынып, тек 2020 жылы ғана толық еркіндікке шықты.