Екі салмақта әлем чемпионы болған, Бокстың халықаралық даңқ залының мүшесі, қазіргі таңда комментатор әрі сарапшы Тимоти Брэдли америкалық Теренс Кроуфордқа (42-0, 31 КО) нақты қауіп төндіре алатын боксшыны атады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Брэдли ол орта салмақта WBO және IBF чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) Кроуфордқа лайықты қарсылас болатынын айтады.
"Алдағы бір жарым жылда Кроуфордтың тағы бір абсолют атағы үшін жекпе-жегін көруіміз мүмкін. Өздеріңіз білесіздер, ол жылына бір рет қана жұдырықтасады. Сол уақыт ішінде Жәнібек орта салмақтағы басты боксшыға айналуы әбден мүмкін!
Айтпақшы, Жәнібекті ешқандай жеңіл-желпі қарсылас деп ойламаңыздар. Жоқ, ол Кроуфорд үшін қауіпті. Мен Кроуфордты жақсы көремін, бұрыннан ұнайды. Бірақ мен шындықты айтуым керек.
Жәнібекпен ойнауға болмайды. Ол – мықты! Көпшілікке беймәлім, солақай боксшы – бірақ мен сіздерге оны таныстыру үшін осында отырмын. Жылдамдық, күш, дене бітімі, рингтегі IQ, қорғаныс пен шабуыл – бұл жігіт керемет! Аяқ жұмысы, бұрыштап жолды қию қабілеті, екі қолындағы соққы күші. Жәнібек - баскесер! Ол сондай - нағыз баскесер!" – деді Брэдли.
Қыркүйек айында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында Кроуфорд екі салмаққа көтеріліп, Сауль Канело Альваресті (63-3-2, 39 КО) жеңіп, мексикалықтан екінші орта салмақтағы абсолют атағын тартып алды. Осылай Теренс тарихта үш салмақта абсолют чемпион атанған алғашқы боксшы болып отыр.
Әлімханұлы келесі жекпе-жегін орта салмақтағы WBA чемпионы кубалық Эрисланди Ларамен (31-3-3, 19 КО) өткізеді деп күтілуде. Қазақстандық боксшы бұл жекпе-жекке келісімшартқа қол қойыпты.
Лараны жеңсе орта салмақта абсолют әлем чемпионы атану үшін Әлімханұлына тек WBC белбеуі керек болады. Бұл белбеу қазір доминиканалық Карлос Адаместе (24-1-1, 18 КО).
Жарнама