Британиялық боксшы Энтони Джошуа Нигериядағы Лагос–Ибадан тас жолында ауыр жол-көлік апатына түсті, деп хабарлайды Vesti.kz.
NEWS.com.au мәліметінше, полицияның алдын ала деректеріне сәйкес апат көлік дөңгелегінің жоғары жылдамдықта келе жатып жарылуы салдарынан болған. Джошуа отырған Lexus жол талғамайтын көлігі жол жиегінде тұрған жүк көлігіне соғылған.
36 жастағы Джошуа жеңіл жарақат алып, қазір Лагостағы ауруханада дәрігерлердің бақылауында жатыр. Апат салдарынан оның екі жақын досы - Латиф Айоделе мен күштік дайындық бойынша бапкері Сина Гами қаза тапты.
Жол талғамайтын көлікті басқарған жүргізуші жансақтау бөлімінде жатыр. Джошуаның анасы шұғыл түрде ауруханаға ұшып келіп, ұлының жанында болды.
Джошуаның өкілдері спортшының жағдайы тұрақты екенін растады және қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
Қаза болған достары Джошуаның бүкіл карьерасы бойына командасының маңызды бөлігі болған. Сина Гами боксшынымен Майамиде өткен Джейк Полға қарсы соңғы жекпе-жегінде де бірге болған.
Полиция бұл оқиғаны қайғылы жағдай ретінде сипаттап отыр, алайда, апаттың барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады.
Энтони Джошуа - ауыр салмақта әлемнің бұрынғы чемпионы. Ол 2013 жылы Британ империясы орденімен марапатталған. Сондай-ақ, The Ring журналы нұсқасы бойынша "Жыл проспектісі" (2014), "Жыл жекпе-жегі" (2017), "Жыл оқиғасы" (2019; 2021) және "Жыл раунды" (2019) марапаттарының иегері.