Бокс
Бүгін 11:18

Астанадағы жол оқиғасы: Олимпиада чемпионы Елеусінов ұсталды

©instagram.com/yeleussinovdaniyar/

Астанада полицейлер екі жол-көлік оқиғасына себепкер болған Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісін ұстады. Полиция өкілдері Tengrinews.kz тілшісіне рөлде бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов болғанын растады.

Астана Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, қалада екі жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан бірнеше автокөлік зақымдалған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser жүргізушісі басқа көліктермен соқтығысып, оқиға орнынан бой тасалаған.

"Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде көлік құралы анықталып, Достық көшесінде полиция қызметкерлері ұстады. Рөлде мас болу белгілері бар 35 жастағы ер адам болған", - деп хабарлады полиция.

Ведомство ақпаратынша, екі жол апатынан зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қолданылады.

Сондай-ақ, полиция "жауапкершілік танымалдылыққа, кәсіпке, лауазымға немесе еңбек сіңірген жетістіктерге байланысты емес" екенін атап өтті.

"Заң бұзып, жауапкершіліктен қашпақ болған әрбір адам заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады", - деді ПД өкілдері.

Данияр Елеусінов - Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы (2010, 2014) және Азияның екі дүркін чемпионы (2013, 2015). Кәсіпқой бокста ол жартылай орта салмақта IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы (2021–2024) және IBF Inter-Continental чемпионы (2020–2022) титулдарына ие болған.

Қаңтарда Данияр Елеусінов Tengri Sport-қа берген сұхбатында блогерлермен жекпе-жекке қатысты көзқарасын айтып, мансабындағы ең ауыр кезеңді еске алған болатын.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport