World Boxing халықаралық спорт ұйымы Астанада өткен Әлем кубогіндегі Қазақстан құрамасының өнеріне пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Қазақстан құрамасы бокстан Әлем кубогінде бірінші орынды иеленіп, 8 алтын, 4 күміс және 4 қола жеңіп алып таңдандырды.
Бразилия құрамасы да мықты нәтиже көрсетіп, 4 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлдемен екінші орынды иеленді. Үздік үштікті Үндістан командасы түйіндеді - олар 3 алтын, 5 күміс және 3 қола еншіледі.
Қазақстан астанасында өткен бұл жарқын турнирдің барлық жүлдегерін шын жүректен құттықтаймыз. Сіздердің құштарлықтарыңызды, табандылықтарыңызды және әлемдік деңгейдегі боксты тамашалау - біз үшін үлкен қуаныш болды.
Келесі кездесу - қыркүйек айында Англияда өтетін тарихтағы алғашқы ерлер мен әйелдер арасындағы элита чемпионатында болады. Бұл турнир World Boxing ұйымының қолдауымен өтеді", – делінген ұйымның баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Еске салайық, World Boxing аясындағы бұл турнир 30 маусым мен 6 шілде аралығында Астанада өтті. Қорытынды бойынша, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастады, спортшыларымыз барлығы 16 жүлде жеңіп алды.
Әлем кубогінің қазақстандық кезеңінен кейін ұлттық құрама 9–16 шілде аралығында қалпына келу жиынын өткізеді. Ал келесі ірі турнир - ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионатына дайындықтың негізгі кезеңі Алматыда 20 шілде мен 26 тамыз аралығында өтеді. Чемпионаттың өзі қыркүйек айына жоспарланған және ол Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өтеді.