Бокс
9 наурыз 2021 10:20

"Аш арыстанмын!". Головкиннің бұрынғы спарринг серігі "Канелоны" нокаутқа түсіруге сөз берді

Сурет: essentiallysports.com

Екінші орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы Давид Бенавидес (23-0, 20 КО) мексикалық Сауль Альвареспен (54-1-2, 36 КО)жекпе-жекке шыққысы келетінін және "Канелоны" нокаутқа түсіретінін мәлімдеді. 

"Мен оны сұлатамын! Мен оны тоқтатамын! Бұлай айту үшін де батылдық керек. Алайда менің бұлай сөйлеуімнің себебі - "Канелоны" сабап, оны тоқтата алатыныма сенімділікте. Ол жұдырықтасқан мықты боксшылардың барлығы одан қорқатындай немесе тым сыйлайтындай көрінді. Ал мен - жас, әрі аш арыстанмын!" - дейді Бенавидес TMZ арнасына берген сұхбатында. 

Дегенмен, Бенавидес алдымен 13 наурыз Рональд Эллиспен (18-1-2, 12 КО), одан кейін орта салмақта WBC чемпионы Джермалл Чарломен (31-0, 22 КО) шығып, сосын өз салмағына оралып, IBF титулына ие Калеб Плантты (21-0, 12 КО) жеңбек екен. 

"Сауль менен қолынан келгенше қашады", - деп аяқтады сөзін ол.