Белгілі промоутер Александр Красюк қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) карьерасындағы басты қиындықты атады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бокстағы ащы шындық43 жастағы маманның айтуынша, кәсіпқой бокстағы ащы шындық - ол тіпті ең талантты әрі атақты спортшының өзі әрдайым лайықты назар мен қаржылық сыйақыға жете бермейтіндігі. Оның ойынша, атақты чемпиондар медиялық танымалдықтың төмендігінен әлі күнге дейін титулдар біріктіретін жекпе-жектерге шыға алмай жүр.
Жәнібекте екі титул бар"Бізде тамаша боксшылар көп, бірақ, олар үлкен табысқа жете алмаған болуы мүмкін. Шынайы жұлдыздар ғана шын мәнінде үлкен гонорар алады. Бахрам (Муртазалиев) пен Жәнібек (Әлімханұлы) - өз дивизионында үздіктер қатарында екені сөзсіз, алайда, олар әлі де көпшілікке кеңінен танымал емес. Қазір бәрі олардың промоутерлеріне байланысты - дәл солар боксшыларды ілгері тартып, танымал ете алуы керек", - деп келтіреді Красюктің сөзін The Ring.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта WBO және IBF титулдарына ие. Ал ресейлік Бахрам Муртазалиев (23-0, 17 KO) бірінші орта салмақта IBF чемпионы.
Абсолют чемпион атағына жету үшін Жәнібекке өз дивизионында тағы екі белбеуді жеңіп алу қажет. Оның бірі доминиканалық Карлос Адаместегі (24-1-1, 18 KO) WBC белбеуі, ал екіншісі кубалық Эрисланди Ларадағы (31-3, 19 KO) WBA титулы.