"Әрқайсына мықты тактика қойып берді". Жас боксшылар Қайрат Сәтжановтың баптауы жайлы

©ҚБФ

Ертең, 24 қазанда Сербия астанасы Белградта бокстан әлем чемпионаты басталады, деп жазады Vesti.kz тілшісі. Осы орайда құрама тізгінін жуырда ұстаған Қайрат Сәтжанов үшін бас бапкер ретіндегі алғашқы ресми жарысы болмақ. Осыған дейін жастар құрамасымен жұмыс істеген Сәтжанов командада бірқатар өзгерістер енгізді. Мәселен бірнеше жылдан бері негізгі құрамда жүрген Қамшыбек Қоңқабаев, Василий Левит сынды тәжірибелі боксшылардың орнына жастарды шақырды.

"Әлем чемпионатының алдында ұлттық құрама өкілдерімен бірге жаттықтық. Олардың дайындықтарына көмектестік. Соның арқасында ересектерге енді ауысып жатқан біз де тәжірибе алдық деп айта аламын. Қазіргі бас бапкер Қайрат Сәтжанов ағамызды жақсы танимыз. Өздеріңіз білетіндей жуырда Дубайдағы жастар арасындағы Азия чемпионатында Қайрат ағамыз жастарды бастап барып, барлық боксшы жүлдемен оралды. Аталмыш жарыста ағайымыз әр спортшыға мықты тактика қойып берді. Ұлттық құрамаға келгелі осындай үлкен турнирдің алдында жастарға мүмкіндік беріп жатқаны қуантады. Енді біздің командамыз Сербияда жақсы нәтижемен оралады деген ойдамын", - дейді жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері Армат Арманұлы.

 

Ал жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Мәди Әміров бас бапкердің қазірден бастап Париж Олимпиадасына қамданып жатқанын айтады.

"Қайрат Сәтжанов ағамыз осыған дейін жастармен жұмыс істегендіктен біз секілді жастар ол бапкерді жақсы таниды. Ол кісі ең алдымен тәртіпке көп көңіл бөледі. Әлем чемпионатына барған Абылайхан Жүсіпов, Махмұд Сабырхан, ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбайлар, Санатәлі мен Саматәлі Төлтаевтардың барлығы кезінде Қайрат Сәтжановтың қолынан өткен шәкірттер. Сондықтан жігіттердің барлығын таниды. Жаңа қызметіне келе салысымен жас боксшыларға мүмкіндік берді. Бұл дұрыс шешім деп есептеймін. Себебі 2024 жылы Париж Олимпиадасының әр салмағында жақсы нәтиже тіркеу үшін қазірден бастап жастарға мүмкіндік бергені дұрыс", - дейді Мәди Әміров.

 

Еске салайық, Сербиядағы әлем чемпионатына Қайрат Сәтжанов төмендегі боксшыларды алып барды.

48 келі – Теміртас Жүсіпов

51 келі – Сәкен Бибосынов

54 келі – Махмұд Сабырхан

57 келі – Серік Теміржанов

60 келі – Саматәлі Төлтаев

63,5 келі Санатәлі Төлтаев

67 келі – Абылайхан Жүсіпов

71 келі – Асланбек Шымбергенов

75 келі – Нұрқанат Райс

80 келі Нұрбек Оралбай

86 келі – Бек Нұрмағамбет

92 келі – Айбек Оралбай

+92 келі – Нұрлан Сапарбай

Белградтағы әлем чемпионаты 24 қазан мен 6 қараша аралығы өтеді. Биыл ұйымдастырушылар әлем чемпионы атанған боксшыға 100 АҚШ долларын, күміс медаль иегеріне 50 мың және қола жүлдегерге 25 мың АҚШ доллар сыйақы тағайындап отыр. Турнирдің жалпы жүлде қоры 2,6 млн АҚШ долларын құрайды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки: