Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас Әзірбайжанда өткен турнирде кезекті титулдық жекпе-жекте жеңіске жетті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Алғашында қазақстандық боксшы бос тұрған WBF World Super Bantam белбеуі үшін Замбия өкілі Алиса Мбемвемен жұдырықтасуы тиіс еді. Алайда қарсыласы виза ала алмағандықтан, оның орнына Таиландтан келген Пиялукс Санпоканг шықты.
Жекпе-жек төртінші раундта нокаутпен аяқталып, Ангелина Лукас айқын жеңіске жетіп, тағы бір чемпиондық атақты иеленді.
«Өте тәжірибелі қарсыласымды жеңдім — ол WBC Asia және WBO International чемпионы болған. Бұл жеңісті бүкіл Қазақстанға, жанкүйерлеріме және мені қолдап жүрген әр адамға арнаймын», — деп жазды боксшы әлеуметтік желіде.
Айта кетейік, Ангелина Лукас бұған дейін IBO World және WBF World нұсқалары бойынша да әлем чемпионы атанған. Бұл жеңіс оның кәсіби мансабындағы 17-жеңісі болды.
Жарнама