40 жастағы бокс аңызы, қазақстандық Геннадий Головкин (42-2-1, 37 КО) 32 жастағы мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен (58-2-2, 39 КО) трилогияны жеңіліспен аяқтады. Бұл шешім екі жақтың да көңілін түсірді, деп хабарлайды vRINGe.com.
Жеңілісіне қарамастан, Головкин чемпион болып қалды: ол суперорта салмақта "абсолют" болу үшін жұдырықтасты, бірақ, оның орта салмақтағы WBA Super/IBF белбеулері сарапқа салынған жоқ.
Абель Санчестің ойынша, Головкин мансабының бұл кезеңінде ол орта салмақтың көшбасшылары саналатын америкалық Джермалл Чарло (32-0, 22 КО) мен Деметриус Андрадемен (31-0, 19 КО) кездеспегені абзал. Тек қазір емес: "Бір топ боксшымен кездесуден кейін, екінші мықтымен кездесу өткізсін дейсіз бе? Бұл ақылға сыймайтын идея болып көрінбей ме? Алдымен екі мықты өзара кездесіп алсын, солардың ішінен Головкинге қарсы шығатыны анықталсын. Оған қазір Андрадемен де, Чарломен де жекпе-жек өткізудің қажеті жоқ. "Канелоға" да айтарым сол - ол да үнемі топ боксшылармен кездесе беруге міндетті емес".
"Жанкүйерлер сұрап жатыр? Түсініңіздер, бокс - бизнес. Ең алдымен осы үшін топ спортшылар өзі сияқты мықтылармен қайта-қайта кездесу өткізе бермейді. Олай болса, бұл спортта жұлдыз болмас еді. Жанкүйерлер сұрайды... Жанкүйерлер рингке шықпайды. "Канело" мен Головкин сияқты боксшылар ең қауіпті қарсыласпен шыға бермейді, олар пайда әкелетіндермен шығады. Сондықтан жанкүйерлердің айтып жатқаны - маңызды емес. Олар қалай болғанда да кездесуді тамашалайды. Олар бәрібір ақша төлейді. Олар жекпе-жекті сынайды, бірақ, сатып алмайды. Боксшылар белсенді болып қалуы керек. Мен осы тұрғыдан ғана жанкүйерлердің айтқанына қосыламын", - деді бапкер.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың сәуірінде Абель Санчеспен 9 жылдық серіктестік аяқталып, Головкин жаңа бапкері ретінде Джонатон Бэнкспен келісімге келген еді.