Бокс туралы беделді The Ring журналы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлын (17-0, 12 KO) екінші орта салмақта WBC чемпионы атанған мексикалық Сауль "Канело" Альварестің (64-3-2, 39 KO) ықтимал қарсыластарының тізіміне қосты, деп хабарлайды Vesti.kz.
The Ring төрт үміткерді атадыӘлімханұлынан бөлек, қысқа тізімге IBF чемпионы кубалық Ослеис Иглесиас (16-0, 15 KO), америкалық Диего Пачеко (26-0, 19 KO) және Гватемала боксшысы Лестер Мартинес (21-0-1, 17 KO) енді.
"Канелоның екінші орта салмақта жұдырықтасуы мүмкін қарсыластары көп. Олардың қайсысы Сауль үшін ең үлкен сынақ болар еді?" - деп The Ring әлеуметтік желі арқылы жанкүйерлерге сұрақ қойды.
Еске салайық, 1 қарашада Альварес Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында рингке оралып, бұған дейін жеңіліп көрмеген франциялық Кристиан Мбиллиден (29-1-1, 24 KO) басым түсті. Осы жеңісінің арқасында мексикалық екінші орта салмақта WBC чемпионы атанды.
Жәнібек соңғы рет 2025 жылдың сәуірінде рингке шықты. Сол кезде қазақстандық боксшы Астанада өткен жекпе-жектің бесінші раундында франциялық Ануэль Нгамиссенгені нокаутқа түсірді.
Қаңтар айында Әлімханұлы суперорта дивизионда бос тұрған WBO титулы үшін даниялық Якоб Бэнкпен (20-0, 11 KO) кездесуі керек. Бұл жекпе-жек қазақстандық боксшы үшін жаңа салмақтағы алғашқы айқас болмақ.
Жазда Әлімханұлы екінші орта салмаққа көтеріліп, орта салмақтағы WBO белбеуін босатты. Қыркүйек айының басында қазақстандық боксшы жаңа салмақ дәрежесінде ұйым рейтингінің көшін бастады.