Спорт туралы жазатын америкалық журналист Скуп Малиновски Legalbet.kz сайтына берген сұхбатында орта салмақта IBF және WBO чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (16-0, 11 КО) карьерасы туралы пікір білдірді.
"Бүгін тағы да Жәнібекке қарсы әрекеттерді талқылаймыз. Михайловичпен өткен айқаста WBO титулы сарапқа салынбады. Бірақ бұл кері әсер берді, өйткені Әлімханұлы жаңа зеландиялықты таптап тастады. Енді WBO Жәнібектің британиялық Хамза Ширазбен жұдырықтасуын талап етуде. Бұл да Әлімханұлының титулдары арқылы Ұлыбританиядан мол табыс көрудің бір жолы сияқты", - дейі Малиновски.
Журналист қазақстандықты атақты Бернард Хопкинске ұқсатты.
"Мұның бәрі маған орта салмақта дүркіреп тұрғанында Бернард Хопкинсті ұшырып жіберуге қолданған саяси құйтырқыларды еске салады. Оны ыңғайсыз, қауіпті қарсыластармен айқастыра берді, мәселен Мейвезер олардан қашатын еді, ал Хопкинс өзінің ең мықты екенін және оларды жеңе алатынын білді. Соны дәлелдеді. Әлімханұлы Хопкинсті еске салады. Ол Ширазды жеңеді деп ойлаймын", - деп атап өтті ол.
Алайда бокс шолушысын шынымен алаңдатып отырғаны - ол Жәнібектің промоутері Боб Арум екен.
"Мәселе Жәнібек Арумға қаншалықты сенетіндігінде, оның мүддесін қорғап, сатып кетпейтініне. Арум Шираздың промуотері Фрэнк Уорренмен көптен бері тығыз қатынаста - олар бірге Тайсон Фьюридің ісін жүргізген. Сондықтан Арумның әрекеті бұл айқас алдында жақсылап тексерілу керек. Әсіресе Жәнібектің өзімен. Егер Уоррен промоутерлік сауданы ұтып алса, бірден күдіктену қажет", - дейді Малиновски.