Монреаль қаласында Eye of the Tiger промоутерлік компаниясы ұйымдастырған кәсіпқой бокс кеші өтті. Кештің басты жекпе-жектерінің бірінде Квебекте тұратын армениялық боксшы Эрик Базинян (33-1-1, 24 KO) канадалық Стивен Батлермен (38-7-1, 32 KO) кездесті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Екінші орта салмақта өткен 10 раундтық жекпе-жектің тоғызыншы раундының соңында Базинян қарсыласын нокдаунға түсірді. Алайда төреші бұл сәтті нокдаун ретінде тіркеген жоқ.
Шешуші сәт соңғы раундта болды. Оныншы раундтың 22-секундында Базинян бірнеше соққы жасап, қарсыласын есеңгіретті. Осыдан кейін Батлер тізерлеп құлады. Канадалық боксшы орнынан тұрғанымен, төреші оның жекпе-жекті жалғастыруға дайын емес екенін ескеріп, кездесуді тоқтатты.
Бұл Батлердің қатарынан екінші рет мерзімінен бұрын жеңілуі болды. Шілде айында оны Эдгар Берланга нокаутқа түсірген еді.
Ал Базинян 2024 жылдың қыркүйегінен бері алғаш рет шаршы алаңға шықты. Сол кезде ол оныншы раундта Хайме Мунгиядан нокаутпен жеңілген болатын.
Кештің басты жекпе-жегінде жеңіліп көрмеген колумбиялық Джон Оробио (20-0, 18 KO) доминикандық Хендри Седеньоны (16-1, 12 KO) үшінші раундта тоқтатып, бірінші жартылай орта салмақтағы WBA және WBC Continental Americas белбеулерін сақтап қалды.
Айта кетейік, Базинян Стивен Батлерді кәсіпқой карьерасында нокаутпен немесе техникалық нокаутпен жеңген жетінші боксшы атанды. Канадалық боксшы 12 жылдық карьерасында осындай жеті жеңіліске ұшырады.
2023 жылы Батлерді қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы да нокаутқа түсірген еді. Сол кезде отандасымыз қарсыласын екінші раундта жеңіп, орта салмақтағы WBO чемпионы атағын қорғап қалды.