Бокс
Бүгін 09:35

Әлімханұлының әлем чемпионымен айқасқа қатысты ресми шешімі жария етілді

©Тұрар Қазанғапов

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен Top Rank промоутерлік компаниясы екінші орта салмақта WBO чемпионы Хамза Ширазбен титулдық жекпе-жек өткізуге ниетті екенін ресми растады, деп хабарлайды Vesti.kz.

Бұл туралы WBO президенті Густаво Оливьери әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

"Назарларыңызға саламыз, Жәнібек Әлімханұлының мүддесін қорғайтын Top Rank, Inc. компаниясы WBO-ға жазбаша түрде ресми растау жіберді. Онда Жәнібектің 2026 жылғы 16 қыркүйекте өткен жекпе-жекті ұйымдастыру құқы берілетін промоутерлік сауда шарттарына сәйкес екінші орта салмақта WBO чемпионы Хамза Ширазбен міндетті титулды жекпе-жек өткізуге дайын, ниетті әрі мүмкіндігі бар екені айтылған", - деп жазды Оливьери.

Промоутерлік сауда жекпе-жектің тағдырын анықтады

Қазақстандық боксшы мен британиялық чемпион арасындағы міндетті жекпе-жекті өткізу құқы ойнатылған WBO саудасы 16 қыркүйекте Сан-Хуанда (Пуэрто-Рико) өтті.

Бұған дейін боксшылардың командалары - Queensberry Promotions пен Top Rank - келіссөздер барысында ортақ мәмілеге келе алмады. Ұйымдарға берілген мерзім 10 қыркүйекте аяқталғаннан кейін жекпе-жектің тағдыры промоутерлік сауда арқылы анықталды.

WBO шарттарына сәйкес, боксшыларға төленетін гонорар жекпе-жектің өтетін жеріне тікелей байланысты. Егер кездесу Ұлыбританияда немесе бейтарап аумақта өтсе, Ширазға гонорардың 75 пайызы, ал Әлімханұлына 25 пайызы тиесілі болады. Ал жекпе-жек Қазақстанда ұйымдастырылса, чемпион 80 пайыз, қазақстандық боксшы 20 пайызын алады.

Сонымен қатар Шираздың чемпиондық белбеуге қатысты жағдай күтпеген жерден өзгеруі мүмкін. Егер сауда қорытындысында белгіленген қаржылық шарттар оның командасын қанағаттандырмаса, британиялық боксшы чемпиондықтан бас тартуы ықтимал.

Әлімханұлы салмағын ауыстырып, рейтингтің көшбасына шықты

Бұған дейін Әлімханұлы орта салмақта WBO және IBF чемпионы болған. 2025 жылдың соңында ол WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жұдырықтасуы керек еді. Алайда қазақстандық боксшының допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін жекпе-жек өтпей қалды.

Нәтижесінде IBF Әлімханұлын чемпиондық титулынан айырды, ал WBO оны бір жылға шеттетіп, титулын сақтап қалды.

Жазда Әлімханұлы екінші орта салмаққа ауысып, WBO титулын босатты. Ал бір ай өткенде ұйым оны жаңа салмақтағы чемпиондық белдікке міндетті үміткерлер қатарына қосты.

Қыркүйектің басында қазақстандық боксшы WBO рейтингінде бірінші орынға көтерілді. Бұған дейін бұл позицияда Сауль "Канело" Альварес тұрған еді. Мексикалық боксшы WBC титулы үшін алдағы жекпе-жегіне байланысты рейтингтен шығарылды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport